Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысы өтті. Жиында Қазақстанның инвестициялық ахуалы, экономиканы орнықты дамыту, цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу және адами капиталды нығайту мәселелері кеңінен қаралды.
Президент Қазақстанның жаһандық экономикалық сын-қатерлерге қарамастан тұрақты даму қарқынын сақтап отырғанын атап өтті. Былтыр ел экономикасы 6,5 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнім көлемі 300 миллиард доллардан асты. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Орталық Азиядағы шетелдік инвестиция тарту бойынша көшбасшылық орнын сақтап келеді. Тікелей шетелдік инвестициялардың жиынтық көлемі 150 миллиард доллардан асып, өңірге тартылған инвестициялардың шамамен 70 пайызын құрады.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның күшіне енуі инвесторлардың құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтергенін атап өтті. Сондай-ақ инвестициялық үдерістерді жеңілдету мақсатында «бір терезе» қағидаты негізінде Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылып, Инвестициялық штабтың жұмысы күшейтілгенін жеткізді. Бұдан бөлек, шетелдік инвесторларға арналған Altyn Visa бағдарламасы арқылы салықтық және көші-қон саласындағы қолайлы жағдайлар жасалған.

Мемлекет басшысы жасанды интеллекттің жаһандық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналып келе жатқанын айтып, 2026 жылдың Қазақстанда Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы болып жарияланғанын еске салды. Осы бағытта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес өз жұмысын бастағанын мәлімдеді.
Президент адами капиталды дамытуға ерекше тоқталып, Alem.ai халықаралық орталығында TUMO және Tomorrow School жаңа буын мектептерінің ашылғанын атап өтті. Сонымен қатар елімізде жасанды интеллект білім беру жүйесіне кезең-кезеңімен енгізіліп, мұғалімдердің мүмкіндігін кеңейтетін жаңа цифрлық шешімдер іске асырылып жатыр. Алдағы уақытта өңірдегі алғашқы мамандандырылған жасанды интеллект университеті ашылып, жоғары білікті кадрлар даярлаудың жаңа кезеңі басталмақ.