Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысы аясында Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассоны қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен халықаралық қаржы институты арасындағы стратегиялық әріптестіктің қазіргі жай-күйі мен алдағы ынтымақтастық бағыттары жан-жақты талқыланды.

Президент ЕҚДБ-ның еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесін жоғары бағалап, Қазақстан мен Банк арасындағы серіктестік өзара сенім мен ұзақмерзімді ынтымақтастыққа негізделгенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан ЕҚДБ-ның негізгі серіктестерінің бірі болып табылады және бұл өзара ықпалдастық елдің тұрақты даму стратегиясына толық сәйкес келеді.

Кездесуде соңғы отыз жыл ішінде Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы 354 жобаға 11 миллиард еуродан астам инвестиция салғаны айтылды. Қазіргі уақытта жалпы құны 3,1 миллиард еуродан асатын 131 жоба жүзеге асырылып жатыр. Президент Қазақстан Үкіметі мен ЕҚДБ арасында Серіктестік туралы негіздемелік келісімнің жасалуын құптап, оның орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға тың серпін беретінін жеткізді.

Өз кезегінде Одиль Рено-Бассо Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуал мен жүргізіліп жатқан құрылымдық реформаларды жоғары бағалады. Оның айтуынша, биылғы жылы Банк жалпы сомасы 1 миллиард доллардан асатын келісімдерге қол қойған. Ал дайындалып жатқан жобаларды ескергенде, жыл соңына дейін инвестиция көлемі 1,3 миллиард еуроға жетуі мүмкін. Бұл ЕҚДБ-ның Қазақстандағы қызметі тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болмақ.

Кездесу барысында инфрақұрылымды жаңғырту, көлік-логистикалық байланыстарды дамыту, ирригация, энергетика, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ аса маңызды шикізат материалдары саласындағы бірлескен жобалар талқыланды. Сонымен қатар цифрландыру мен жасанды интеллект бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылды. ЕҚДБ Қазақстанның цифрлық трансформациясына және инновациялық экожүйесін дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін растады.