Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдап, ведомствоның 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмысының қорытындылары туралы есепті тыңдады. Кездесу барысында мемлекеттік аудит жүйесінің тиімділігін арттыру, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету және қаржылық бақылауды жетілдіру мәселелері қарастырылды.

Әлихан Смайыловтың мәліметінше, есепті кезеңде жалпы көлемі 5,8 триллион теңгені қамтыған 13 ірі мемлекеттік аудит жүргізілген. Тексерулер жергілікті атқарушы органдардың қызметін, «Проблемалық кредиттер қоры», «Аграрлық корпорация», «Қазпошта», «Ақтау теңіз порты» акционерлік қоғамдарын, денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын және бірқатар мемлекеттік органдарды қамтыды.

Жүргізілген аудит нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтар мен қаржылық кемшіліктерді жою жұмыстарының арқасында мемлекет бюджетіне 128 миллиард теңге қайтарылған. Сонымен қатар Үкіметке және аудит нысандарына анықталған олқылықтарды жоюға бағытталған 35 ұсыным мен 413 нұсқама жолданған.

Кездесу барысында Мемлекет басшысының бюджет үдерісін жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында ұлттық заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы да баяндалды. Атап айтқанда, макроэкономикалық болжам жасаудың жаңа қағидалары бекітіліп, мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына қатысты қазыналық бақылау күшейтілді. Сондай-ақ төртінші тоқсанда республикалық бюджетке түзетулер енгізуге шектеу қойылды.

Әлихан Смайылов жекешелендіру үдерісінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру жөніндегі жұмыстар туралы да ақпарат берді. Сонымен қатар биылғы екінші жартыжылдықта 20 мемлекеттік аудитті аяқтау жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Оның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Шымкент қаласы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының қызметіне, фармацевтикалық өнім өндірушілерді қолдау тетіктеріне аудит жүргізіледі. Бұдан бөлек, газ саласы, инвестициялық жобалар, «Жасыл даму» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, ұлттық жобалар және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы да жан-жақты тексеріледі.