Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидті қабылдады. Кездесу барысында әлемдегі жетекші халықаралық ақпарат құралдарының бірі саналатын Euronews медиакорпорациясымен ынтымақтастықты кеңейту және Қазақстанның халықаралық ақпараттық кеңістіктегі орнын нығайту мәселелері талқыланды.

Президент Euronews арнасының әлемдік аудиторияға оқиғаларды бейтарап әрі объективті жеткізіп, сенімді ақпарат тарататын беделді халықаралық медиа ресурс ретінде қалыптасқанын атап өтті. Мемлекет басшысы мұндай жетекші ақпараттық платформалармен өзара тиімді серіктестікті дамыту Қазақстанның халықаралық деңгейдегі ақпараттық ашықтығын арттыруда маңызды рөл атқаратынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Euronews-тің Астанада өңірлік кеңсе ашуы Қазақстан мен Орталық Азия туралы жаңалықтардың халықаралық аудиторияға кеңінен ұсынылуына жаңа мүмкіндік бергенін атап өтті. Президенттің айтуынша, осының нәтижесінде өңірдің саяси, экономикалық және мәдени өмірі туралы ақпараттардың әлемдік медиа кеңістікте жариялану көлемі айтарлықтай артқан.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Euronews арнасының қазақ тілінде жаңалық тарата бастағанын жоғары бағалап, бұл бастаманы мәдени және ақпараттық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам ретінде атады. Өз кезегінде Педро Варгас Давид қазақ тілі Euronews платформасына енгізілген Орталық Азиядағы алғашқы тіл болғанын айтып, бұл шешім Қазақстанмен әріптестікті нығайтудың нақты көрінісі екенін жеткізді.

Euronews директорлар кеңесінің төрағасы сондай-ақ Қазақстан халқын жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтап, онда бекітілген қағидаттар мен құндылықтар елдің демократиялық жаңғыруға және қуатты мемлекет қалыптастыруға деген ұмтылысын айқын көрсететінін атап өтті.

Кездесу барысында Президенттің Брюссельге жасаған ресми сапарының қорытындылары да талқыланды. Педро Варгас Давид Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапар қарсаңында Euronews сайтында жарияланған мақаласы Еуропа аудиториясы тарапынан үлкен қызығушылық тудырғанын айтып, онда көтерілген Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікке қатысты бастамалар сарапшылар тарапынан жоғары бағаланғанын жеткізді.