Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Конгресінің сенаторы Стив Дэйнсті қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және саяси ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Президент әңгіменің басында сенатор Стив Дэйнсті Америка Құрама Штаттарының тәуелсіздігінің 250 жылдығымен құттықтап, екі ел арасындағы өзара сенім мен стратегиялық әріптестікке негізделген қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықтың тұрақты өсімі екіжақты байланыстардың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсететінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қараша айында АҚШ-қа жасаған сапары барысында қол жеткізілген келісімдерді сапалы әрі тиімді жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жыл соңында Майами қаласында өтетін G20 саммитіне қатысу үшін АҚШ-қа жоспарланған сапары аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін жеткізді.

Президент Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамытуға қосқан үлесі және Джексон–Вэник түзетулерінің күшін жою жөніндегі заңнамалық бастаманы ілгерілету барысында елімізге тұрақты қолдау көрсеткені үшін сенатор Стив Дэйнске ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы мұндай қолдау екі мемлекет арасындағы өзара сенімнің нығаюына және экономикалық ынтымақтастықтың кеңеюіне ықпал ететінін атап өтті.

Өз кезегінде сенатор Стив Дэйнс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа АҚШ Президенті Дональд Трамптың ыстық ықыласы мен ізгі тілегін жеткізді. Ол Қазақстанның жаңа Конституция қабылдауын тарихи маңызды қадам ретінде бағалап, Мемлекет басшысын ауқымды саяси реформаларды табысты жүзеге асыруымен құттықтады. Сенатордың айтуынша, жаңа Конституцияда айқындалған қағидаттар мен құндылықтар Қазақстанның демократиялық жаңғыруына, орнықты дамуына және қуатты мемлекет ретінде нығаюына берік негіз қалайды.