Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесті. Әңгімелесу барысында Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестіктің қазіргі жай-күйі, екіжақты сауда-экономикалық және саяси ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздік мәселелері талқыланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентін ел тәуелсіздігінің 250 жылдығымен құттықтап, қысқа тарихи кезең ішінде Америка Құрама Штаттарының әлемдегі жетекші державалардың біріне айналғанын атап өтті. Мемлекет басшысы бұл мерейтойдың АҚШ халқы үшін ғана емес, халықаралық қауымдастық үшін де маңызды тарихи оқиға екенін жеткізді.
Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ әкімшілігінің заң үстемдігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған ішкі саяси бағыты Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидатына негізделген Әділетті Қазақстан құру стратегиясымен үндес екенін айтты. Президент осы бағыттағы өзара тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.
Тараптар екіжақты экономикалық байланыстардың даму қарқынын жоғары бағалап, былтыр қараша айында Вашингтонда өткен жоғары деңгейдегі кездесулер барысында қол жеткізілген келісімдердің табысты жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, сауда айналымын арттыру және жаңа бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері қарастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ядролық қаруды таратпау және байытылған уранның қауіпсіз айналымын қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық міндеттемелерге адалдығын тағы бір мәрте растады. Мемлекет басшысы осы бағытта Халықаралық атом энергиясы агенттігімен (МАГАТЭ) ынтымақтастықты нығайтудың маңызы зор екенін атап өтті.
Әңгімелесу барысында Ақордада өткен АҚШ сенаторы Стив Дэйнспен, АҚШ Президентінің арнаулы өкілі Серджио Гормен, Ақ үйдің жоғары лауазымды өкілдерімен және америкалық іскерлік қауымдастық мүшелерімен жүргізілген кездесулердің нәтижелері де оң бағаланды. Бұл байланыстардың Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ықпал ететіні айтылды.