ШЫМКЕНТТЕ ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ МЕН ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ БІРЛІК МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласында Қазақстан Халық Кеңесінің өңірлік мүшелері мен қалалық этномәдени бірлестіктердің және қоғамдық құрылымдардың жетекшілері қатысқан маңызды кездесу өтті. Басқосудың негізгі мақсаты – қоғамдық келісімді нығайту, этносаралық татулықты сақтау және азаматтық қоғам институттары арасындағы өзара ынтымақтастықты дамыту.

Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, этнос белсенділері және «Қоғамдық келісім» мекемесі жанындағы қоғамдық құрылымдардың өкілдері қатысты.

Жиында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Қазақстан Халық Кеңесінің қоғамдағы рөліне тоқталып, жаңа Конституцияның маңызы мен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған стратегиялық басымдықтарды атап өтті.

Сонымен қатар тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік секілді жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығы айтылды. «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» бастамаларының қоғамдық сананы жаңғыртудағы орнына ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында елдің экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу және кәсіпкерлікті қолдау бағыттары да талқыланды. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, ұлттық мәдениетті сақтау және жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру мәселелері көтерілді.

Қатысушылар этносаралық келісімді нығайту, жастар бастамаларын қолдау, медиация институтын дамыту және мемлекеттік органдармен өзара байланысты жетілдіру жөнінде ұсыныстарын білдірді.

Айта кетейік, Шымкент қаласынан Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына Латипша Асанов, Әбдез Иманқұлов және Әлия Юсупова енген.

Кездесуде этномәдени бірлестіктердің ұлттық дәстүрлерді дәріптеу, мәдени мұраны сақтау және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы қызметінің маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Жиын қорытындысында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау, азаматтық қоғам институттарының белсенділігін арттыру және ортақ бастамаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру қажеттігі айтылды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *