Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
Мемлекеттік басқаруды реформалау мәселелері жөніндегі комиссия мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың бағыттары мен тәсілдерін тұжырымдау, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқаруды реформалаудың кешенді жоспарын әзірлеу үшін жүйелі ұсыныстарды қарау мақсатында құрылды.
Комиссияның жұмыс органы – Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі.
Комиссия құрамына мемлекеттік органдардың басшылары, Құрылтай депутаттары және Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері кірді.
Отырыстарға мүдделі орталық мемлекеттік органдардың және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ басқа да ұйымдардың өкілдері қатыстырылуы мүмкін.
Мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру, басқару құрылымын оңтайландыру және шешім қабылдау үдерістерін жетілдіру. Бұл ретте әкімшілік кедергілерді азайтуға, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға және жауапкершілік тетіктерін жетілдіруге басымдық беру маңызды.
Сонымен қатар мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту барысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану ерекше маңызға ие. Заманауи басқару құралдарын енгізу мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Комиссияның жұмысы мемлекеттік басқаруды жетілдіруге бағытталған жүйелі ұсыныстар әзірлеуге және реформаларды кешенді түрде жүзеге асыруға негіз болмақ. Бұл бағыттағы шаралар азаматтардың қажеттіліктеріне бағдарланған тиімді мемлекеттік аппарат қалыптастыруға, қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтуға және мемлекеттік институттарға деген халықтың сенімін арттыруға ықпал етуі тиіс.
t.me/aqorda_resmi