2026 жылғы 6–11 сәуір аралығында еліміздің ірі қалалары – Астана, Алматы, Шымкент, Семей, Ақтөбе және Қарағанды қалаларында QAZMEDFEST – 2026 республикалық фестивалі жоғары деңгейде өтті.

Ауқымды іс-шара Медицина жастары республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдауымен жүзеге асырылды.

Фестивальдің басты мақсаты – жастар арасында еріктілік қозғалысты дамыту, қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау және әлеуметтік маңызы бар бастамаларды қолдау болды.

1000-нан астам жасты біріктірген бастама

Фестиваль аясында еліміздің алты өңірінде 13 әлеуметтік бағыттағы іс-шара ұйымдастырылып, 1000-нан астам жас тікелей қамтылды. Ал ақпараттық қамту көрсеткіші 100 000-нан асты. Бұл – жобаның ауқымы мен қоғамдағы маңызын айқын көрсетеді.

Денсаулық күніне арналған марафон

7 сәуір – Халықаралық денсаулық күні аясында Алматы қаласында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған марафон өтті. Іс-шараны еріктілер толықтай үйлестіріп, қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, медициналық бақылау жүргізді.

Марафонға жоғары оқу орындарының студенттері, әуесқой және кәсіби жүгірушілер қатысып, жалпы саны 100-ге жуық адамды қамтыды. Қорытындысында барлық қатысушылар алғыс хаттармен марапатталып, үздіктерге арнайы сертификаттар табысталды.

Қайырымдылық пен адамгершілік үлгісі

Семей қаласында еріктілер облыстық хосписте болып, науқастарға медициналық көмек көрсетіп, қайырымдылық шараларын ұйымдастырды. Бұл жастардың жанашырлығы мен әлеуметтік жауапкершілігінің айқын көрінісіне айналды.

Ал Шымкент қаласында өткен «Донор бол – өмір сыйла» акциясы аясында 50 студент бір күн ішінде қан тапсырып, ондаған адамның өміріне үміт сыйлады. Мұндай бастамалар қоғамда адамгершілік құндылықтарды дәріптеудің нақты үлгісі болды.

Жастарға бағыт-бағдар берген жоба

Фестиваль барысында ерекше әлеуметтік жобалардың бірі – «Ybyrai Joly» қорының қолдауымен ұйымдастырылған білім беру экскурсиясы болды. Бұл жоба аясында қатысушылар медициналық жоғары оқу орындарымен танысып, болашақ мамандықтарын таңдауға мүмкіндік алды.

Аталған экскурсияға қатысқан оқушылардың бірі медицина саласына, әсіресе стоматология бағытына қызығушылық танытып, кәсіби даму жолындағы алғашқы қадамын жасады.

Қорытынды және алдағы жоспарлар

Жалпы, QAZMEDFEST – 2026 фестивалі еліміздің әр өңірінде жастардың белсенділігін арттырып, еріктілер қозғалысының дамуына жаңа серпін берген маңызды алаңға айналды.

Фестивальдің қорытынды кезеңі ретінде сенбі күні республика көлемінде Таза Қазақстан жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылмақ.

QAZMEDFEST – тек бір апталық іс-шара емес, бұл – қоғамдағы жауапкершілікті, жанашырлықты және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыратын маңызды қозғалыс.