Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қабылдады. Кездесу барысында қорғаныс ведомствосының жыл басынан бері атқарған қызметінің қорытындылары, әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау және Қарулы күштердің жауынгерлік даярлығын арттыру бағытындағы жұмыстар талқыланды.
Қорғаныс министрі Мемлекет басшысына Қарулы күштердің жауынгерлік даярлығының қазіргі жай-күйі, «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар және ведомствоның автоматтандырылған басқару жүйелері мен цифрлық инфрақұрылымын дамыту барысы жөнінде баяндады.
Сондай-ақ Дәурен Қосанов әскери басқару органдары арасындағы өзара байланысты жетілдіруге және әскерлердің жауынгерлік әлеуетін күшейтуге бағытталған «Батыл тойтарыс – 2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына дайындық жұмыстары туралы ақпарат берді.
Кездесу барысында Голан жоталарындағы бітімгерлік миссияға ерекше назар аударылды. Министр екінші ұлттық контингенттің миссияны сәтті аяқтағанын және үшінші контингенттің ротациясы басталғанын атап өтті. Сонымен қатар қазақстандық әскери қызметшілердің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланғаны айтылды.
Әскерге шақыру науқанының барысы, әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесін арттыру және олардың құқықтық қорғалуын күшейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да баяндалды. Бұдан бөлек, өскелең ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу мәселелері қаралды. Атап айтқанда, 21–27 маусым аралығында Бурабайда өтетін «Айбын – 2026» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына дайындық барысы таныстырылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы күштердің жауынгерлік даярлық жүйесін одан әрі жетілдіру, армияны цифрлық трансформациялау және елдің қорғаныс қабілетін нығайту бағытында бірқатар нақты міндеттер жүктеді.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы әскери саланың тиімділігін арттыру, заманауи технологияларды кеңінен енгізу және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырудың маңызын атап өтті.