Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Бірлік мерекесімен құттықтап, елдегі татулық пен өзара құрметтің маңызын атап өтті.

Президент бұл мерекенің қоғамның мызғымас құндылықтарын дәріптейтін ерекше күн екенін жеткізді. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан халқының ауызбіршілігі, өзара сыйластығы, отаншылдығы мен елге деген сүйіспеншілігі мемлекетіміздің тұрақты дамуының берік негізі болып саналады.

Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи жағдайларға байланысты Қазақстанға қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің бүгінде бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанын атап өтті. Президент мұны барша халқымызға ортақ құндылық әрі еліміздің басты жетістіктерінің бірі ретінде бағалады.

Мемлекет басшысы халқымыздың бейбітшілікті қадірлейтін, айналасына жанашырлықпен қарайтын және қиын сәтте көмек қолын созуға дайын қасиеттеріне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, мұндай дәстүрлерді сақтау және кейінгі ұрпаққа жеткізу – маңызды міндет.

Президент қоғамдағы көзқарастардың әртүрлі болғанына қарамастан, ел азаматтарының ортақ мақсаты бір екенін айтты. «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты мемлекеттік саясаттың және азаматтардың күнделікті өмірінің негізгі ұстанымдарының біріне айналғанын атап өтті.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бірлік, ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарының жаңа Конституцияның преамбуласында көрініс тапқанына назар аударды. Бұл қазақстандықтардың әділ, тұрақты және бақуатты қоғам құруға деген ортақ ұмтылысын білдіреді.

Мемлекет басшысы «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының елдегі ауқымды жаңғыру үдерісінің маңызды арқауы екенін атап өтіп, Қазақстан халқы бірлесе отырып жаңа жетістіктерге жете беретініне сенім білдірді.

Құттықтау соңында Президент барша қазақстандықтарға зор денсаулық, амандық және бақ-береке тіледі.