Жыл сайын 12 тамызда Каспий маңы мемлекеттері Каспий теңізінің халықаралық күнін атап өтеді. Бұл дата Каспий теңізінің қоршаған ортасын бірлесіп қорғауға бағытталған Тегеран конвенциясының күшіне енуімен байланысты. Аталған құжат өңір мемлекеттерінің экологиялық ынтымақтастығын нығайтып, теңіздің табиғи ортасын сақтау бойынша ортақ іс-қимылдың негізін қалады.

Каспий теңізі – биологиялық алуантүрлілігі жоғары, табиғи ресурстарға бай бірегей су айдыны. Оның экологиялық жағдайы Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Каспий маңы мемлекеттері үшін стратегиялық маңызға ие. Сондықтан теңіздің табиғи тепе-теңдігін сақтау және қоршаған ортаға түсетін антропогендік әсерді азайту тұрақты назарда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Каспий өңіріндегі мемлекеттермен бірлесіп, теңіздегі өзгерістерге бейімделу және оның табиғи байлығын сақтау жөніндегі Мемлекетаралық бағдарламамен жұмысты жалғастырып келеді.

Каспийді қорғау бағытындағы жұмыстар кешенді сипатқа ие. Негізгі басымдықтарға Каспий маңы елдерінің өзара іс-қимылын күшейту, жүйелі ғылыми зерттеулер жүргізу, экологиялық мониторингті жетілдіру, материалдық-техникалық базаны нығайту және табиғатты қорғау бастамаларын жүзеге асыру жатады.

Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау шараларына қоғамды кеңінен тартуға ерекше мән беріледі. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарауын арттыру теңіз экожүйесін сақтаудың маңызды шарттарының бірі.

Каспийдің акваториясы мен жағалауындағы өзгерістер тұрақты түрде ғылыми тұрғыдан зерттеліп келеді. Зерттеу нәтижелері теңіздің қазіргі жағдайын бағалауға, ықтимал экологиялық тәуекелдерді анықтауға және оларды азайтуға бағытталған тиімді шараларды әзірлеуге мүмкіндік береді.

Каспий теңізін сақтау – ұзақмерзімді әрі ортақ міндет. Каспий маңы мемлекеттерінің келісілген іс-қимылы мен ғылыми негізделген шешімдері теңіздің бірегей экожүйесін болашақ ұрпаққа аман жеткізуге мүмкіндік береді.

Қазақстан осы бағыттағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және Каспийдің табиғи байлығын сақтау ісіне өз үлесін қосуға ниетті.