Мәдениет пен өнер – ұлттың рухани болмысын айқындайтын, тарихи жады мен ұлттық құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін маңызды сала. Мемлекеттің өркениетті дамуы ең алдымен оның мәдени мұрасына деген құрметі және шығармашылық еңбекті қолдауымен тығыз байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық мәдениетті сақтау және дамыту – ел болашағы үшін стратегиялық маңызы бар міндет.
Жаңа Ата заңда төл мәдениетті жан-жақты қолдау мемлекеттің конституциялық міндеті ретінде бекітілуі – осы бағыттағы маңызды қадам. Бұл шешім қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасын дәріптеуге, мәдениет пен өнер саласының дамуына жаңа серпін беруге мүмкіндік береді.
Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар тізіміне «Шәмші Қалдаяқов» медалін және «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу туралы шешім қабылдады. Аталған марапаттар – мәдениет пен өнер саласында ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек етіп, ұлттық руханияттың өркендеуіне елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбегін бағалаудың жарқын көрінісі.
«Шәмші Қалдаяқов» медалінің енгізілуі қазақ музыкасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан композитордың есімін ұлықтаумен қатар, отандық музыка өнерін дамытуға еңбек сіңіріп жүрген азаматтарды ынталандыруға бағытталған. Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық мұрасы – ұлттық музыка тарихының ажырамас бөлігі. Оның әндері халықтың жүрегінен орын алып, қазақ өнерінің алтын қорына енді.
Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» атағы бейнелеу өнерінің дамуына айрықша үлес қосқан шығармашылық тұлғалардың кәсіби еңбегін мойындауға жол ашады. Бұл атақ отандық сурет өнерінің беделін арттырып, талантты мамандарды қолдауға ықпал етеді.
Мемлекеттік марапаттардың қатарының толықтырылуы – мәдениетке көрсетілген құрметтің нақты көрінісі. Ұлттық өнерді дәріптеу, шығармашылық тұлғалардың еңбегін бағалау және олардың мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу – елдің рухани дамуының берік негізі.