Шымкентте «Ордабасы» футбол клубының ойыншылары ел тарихындағы алғашқы Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысып, өз азаматтық таңдауын жасады. Команда мүшелері Қажымұқан атындағы Орталық стадионда орналасқан №90 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.
Футболшылар Сергей Малый, Сұлтанбек Астанов, Жасұлан Әмір, Мағжан Тоқтыбай, Эльхан Астанов және команданың басқа да ойыншылары сайлау учаскесінде өз таңдауларын жасап, азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсетті.
Команда қақпашысы Бекхан Шайзада сайлауға қатысудың маңыздылығын атап өтіп, спортшыларды, жанкүйерлерді және қала тұрғындарын азаматтық жауапкершілік танытуға шақырды.
«Біздің команданың матчтарында шымкенттік жанкүйерлердің қолдауы мен ықыласы бізге ерекше күш береді. Жанкүйерлеріміз өте көп. Жалпы, футбол – бұқаралық спорт. Құрылтай сайлауы да бұқара болып шешім шығаратын аса маңызды саяси мереке. Сол себепті барлық азаматтарды жауапкершілік танытып, дауыс беруге шақырамыз», – деді Бекхан Шайзада.
Футболшылардың сайлауға бірге келуі спорт қауымдастығы өкілдерінің ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси үдерістерге бейжай қарамайтынын көрсетті. Танымал спортшылардың азаматтық белсенділігі жастар мен жанкүйерлерге де үлгі болары сөзсіз.
Айта кетейік, «Ордабасы» футбол клубы қазіргі уақытта Қазақстан Премьер-лигасындағы жарыс кестесінің жоғары сатысында келеді. Команда Шымкент қаласының спорттық бренді ретінде отандық футболдың дамуына өз үлесін қосып келеді.
№90 сайлау учаскесінде дауыс беру процесі белгіленген тәртіппен ұйымдастырылған. Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Бақыткүл Нәлібаеваның айтуынша, аталған учаскеде барлығы 2619 сайлаушы тіркелген. Таңертеңнен бері азаматтардың сайлауға белсенді қатысуы байқалады.
Сайлау учаскесінде тұрғындарға өз таңдауын еркін жасауға барлық қажетті жағдай қарастырылған. Комиссия мүшелері азаматтарды қабылдап, дауыс беру рәсімінің талапқа сай өтуін қамтамасыз етуде.
Құрылтай сайлауы – әр азаматтың ел болашағына қатысты ұстанымын білдіруге мүмкіндік беретін маңызды қоғамдық-саяси науқан. «Ордабасы» футболшыларының сайлауға қатысуы спортшылардың да ел өміріне белсенді араласатынын аңғартты.