Шымкентте мемлекеттік қызметшілер арасында «Үкіметтік шахмат кубогы – 2026» турнирі басталды. Зияткерлік сайыс мемлекеттік қызметшілердің бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың ойлау қабілетін шыңдап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.
Қажымұқан атындағы Орталық стадионда ұйымдастырылған жарысқа Шымкент қаласының мемлекеттік органдары мен мекемелерінде қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілер қатысып, шахматтан өзара бақ сынауда. Қатысушылар тақта басында логикалық ойлау, шапшаң шешім қабылдау және тактикалық шеберліктерін көрсетуде.
Турнирдің негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында шахмат спортын кеңінен насихаттау, зияткерлік әлеуетті арттыру, стратегиялық және аналитикалық ойлау қабілеттерін дамыту. Сонымен қатар жарыс әр салада қызмет ететін мамандардың өзара тәжірибе алмасуына, кәсіби және достық байланыстарын нығайтуға мүмкіндік береді.
Жарыс швейцариялық жүйе бойынша өткізіледі. Турнир барысында қатысушылар классикалық шахмат және блиц форматтарында сынға түседі. Әр партияда ойыншылардан жоғары зейін, нақты есеп және уақытты тиімді пайдалану талап етіледі.
Сайыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен жеке ойыншылар анықталып, республикалық кезеңде Шымкент қаласының намысын қорғайтын құрама жасақталады. Осылайша, қалалық кезең мемлекеттік қызметшілер арасындағы шахматтың дамуына серпін беріп, үздік ойыншылардың республикалық деңгейде бақ сынауына жол ашады.
Шахмат – адамның логикалық ойлау жүйесін жетілдіріп, сабырлылыққа, жауапкершілікке және бірнеше қадам алға жоспар құруға үйрететін спорт түрі. Бұл қасиеттер мемлекеттік қызмет саласында да маңызды рөл атқарады.
Айта кетейік, соңғы жылдары Шымкент қаласы шахматты дамыту бағытындағы ірі жарыстарды тұрақты түрде өткізіп келеді. Биыл шаһарда халықаралық және республикалық деңгейдегі бірқатар шахмат турнирлері ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен жас спортшылардың зияткерлік спортқа қызығушылығы арта түсті.
«Үкіметтік шахмат кубогы – 2026» турнирі де осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы болып отыр. Мұндай жарыстар мемлекеттік қызметшілердің жан-жақты дамуына жағдай жасап, спорт пен зияткерлік мәдениетті қатар дамытуға ықпал етеді.