Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жастармен және экобелсенділермен бірге Астанадағы Президент саябағының аумағына ағаш отырғызды.
Президенттің қатысуымен өткен экологиялық шара табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау және елді мекендерді көгалдандыру ісіне қоғамның белсенді атсалысуының маңызын көрсетті.
Мемлекет басшысы сондай-ақ жауапты мемлекеттік органдар басшыларының атқарған жұмысы туралы есептерін тыңдады. «Таза Қазақстан» бастамасы ел бойынша экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігіне айналып келеді.
Бүгін еліміздің барлық өңірінде World Cleanup Day – Бүкіләлемдік тазалық күні мен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбіліктер ұйымдастырылды. Тұрғындар, жастар, еріктілер, экобелсенділер және мемлекеттік мекеме қызметкерлері аумақтарды тазалап, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына қатысты.
Бастама аясында Мемлекет басшысына ел көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы да баяндалды. «Таза Қазақстан» бастамасы жүзеге асырыла бастағаннан бері 2 мыңнан астам экологиялық іс-шара өткізіліп, 3,8 миллион тонна қоқыс жиналды. Сонымен қатар 10 мыңға жуық қоқыс төгетін орын жойылды.
Таза әрі жайлы орта қалыптастыру – мемлекеттік органдармен қатар әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Экологиялық шара барысында Мемлекет басшысы жастардың азаматтық белсенділігін ерекше атап өтті. Жастардың табиғатты қорғау бастамаларына белсенді қатысуы қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар еліміздің барлық өңірінде тұрақты түрде жалғасып келеді. Атап айтқанда, елді мекендерді тазалау, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, ағаш отырғызу және жасыл желектерді күтіп ұстау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны таза ұстау бағытындағы ортақ іс қоғамның әрбір мүшесінің белсенді қатысуын талап етеді. Бұл ретте «Таза Қазақстан» бастамасы ел тұрғындарын туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға үндейтін маңызды қоғамдық жоба ретінде жалғаса береді.