Тәуелсіздік сарайында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттауға арналған салтанатты жиын өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылар мен олардың бапкерлерін айтулы жарыстағы жетістіктерімен құттықтап, ұлттық спорттың халықаралық аренадағы беделін арттыруға қосқан үлестерін атап өтті.
Президент Қазақстан құрамасының Көшпенділер ойындарында жоғары нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алғанын айтты. Байрақты бәсекеде қазақстандық спортшылар 74 медаль, оның ішінде 32 алтын жүлде жеңіп алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылардың әлемнің 100-ден астам елінен келген мықты қарсыластармен бәсекеге түсіп, көк Туды биікке көтергенін атап өтті. Мемлекет басшысы ұлттық құраманың ел үмітін ақтағанын айтып, спортшыларға Отанға сыйлаған жеңістері үшін ризашылығын білдірді.
Президенттің айтуынша, спорт – елдің халықаралық беделін нығайтумен қатар, халықтар арасындағы өзара құрмет пен достықты дамытуға ықпал ететін маңызды сала. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырған Қырғызстан тарапына алғысын білдірді.
Мемлекет басшысы түркі халықтарының ортақ тарихы мен мәдени мұрасын дәріптеуде Көшпенділер ойындарының маңызы зор екенін атап өтті. Қазақстан ата-бабалардан қалған салт-дәстүр мен рухани құндылықтарды сақтап, оны жас ұрпаққа жеткізуге ерекше мән беретінін айтты.
Сонымен қатар Президент еліміздің спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Соңғы жеті жылда Қазақстанда 500-ден астам спорт нысаны салынғанын атап өтті. Бұл бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға, жастардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беретін инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған.
Мемлекет басшысы Қазақстанның тарихи өрлеу дәуіріне қадам басқанын айтып, елде жүзеге асырылып жатқан өзгерістердің маңызын атап өтті. Оның сөзінше, спорттағы жетістіктер де елдің жаңару үдерісімен сабақтасып, Қазақстанның әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға ықпал етеді.
Салтанатты жиын соңында Мемлекет басшысы Көшпенділер ойындарында жүлде алған спортшылар мен олардың бапкерлерін марапаттап, оларға жаңа жеңістер мен толағай табыстар тіледі.