Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан мен Корея Республикасының экономиканың түрлі салаларында жүзеге асырып жатқан бірлескен инвестициялық жобалары таныстырылды. Ұсынылған бастамалар өнеркәсіп, автомобиль жасау, медицина және жоғары технологиялар бағыттарын қамтиды.
Президентке таныстырылған жобалардың бірі Алматы қаласында жергілікті автобөлшектер өндірісін іске қосуға бағытталған. Жоба аясында отандық автомобиль зауыттарының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін көліктің бәсеңдеткіштері, орындық қаптамалары, еден жабындары, сымдар будасы және дөңгелек дискілері сияқты бөлшектер өндіру жоспарланып отыр.
Бұл бастама Қазақстандағы автомобиль өнеркәсібінің өндірістік тізбегін кеңейтуге және қосалқы бөлшектерді жергілікті жерде шығаруға мүмкіндік береді. Өндірісті локализациялау деңгейінің артуы отандық кәсіпорындардың жаңа технологияларды меңгеруіне және машина жасау саласындағы өндірістік әлеуетті күшейтуге жол ашады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына Қостанай қаласында KIA компаниясының Локализация орталығын ашу жоспары таныстырылды. Жаңа орталықта автомобиль есігінің панельдері, орталық консольдар, орындықтар, төбе және еден қаптамалары, бамперлер және басқа да бөлшектер өндірілмек.
Кездесу барысында денсаулық сақтау саласындағы бірлескен жобаларға да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, медицинада қолданылатын ультрадыбыстық диагностика жүйелерін өндіру және Алматы қаласында корейлік басқару үлгісі мен заманауи медициналық технологиялар енгізілетін көпбейінді аурухана салу жобалары таныстырылды.
Мұндай жобалар денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға, медициналық қызметтердің сапасын арттыруға және заманауи технологияларды отандық медицина саласына енгізуге бағытталған.
Бұдан бөлек, Президентке дрондар құрастыру жобасы ұсынылды. Бұл бастама жоғары технологиялар мен инновациялық өндірістерді дамытуға, жаңа технологиялық шешімдерді игеруге және Қазақстанның индустриялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Ұсынылған инвестициялық жобалар Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қалыптастыруға жол ашады.