Қазақстанда қоғамның түрлі әлеуметтік және кәсіби топтарының пікірін мемлекеттік деңгейде жеткізетін жаңа алаң — Халық кеңесі өз жұмысын бастайды.
Халық кеңесі еліміздің барлық өңірін қамтып, қоғамның әртүрлі санаттарының үнін естуге мүмкіндік беретін маңызды диалог алаңына айналмақ. Кеңес мүшелері өңірлердегі өзекті мәселелерді көтеріп қана қоймай, оларды шешуге бағытталған ұсыныстарды әзірлеуге және оң нәтижеге жеткізуге атсалысады.
Президент 126 адамды Халық кеңесінің құрамына 4 жыл мерзімге бекітті. Кеңес құрамы үш негізгі бағыт бойынша жасақталған:
✔️42 адам — этномәдени бірлестіктерден;
✔️42 адам — ірі қоғамдық бірлестіктер мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардан;
✔️42 адам — мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден.
Кеңестің құрамындағы маңызды ерекшеліктің бірі — әйелдердің үлесі 31,7%-ды құрайды. Бұл отбасы, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, кәсіпкерлік және адами капиталды дамыту секілді қоғам үшін маңызды бағыттардың кеңінен талқылануына мүмкіндік береді. Сонымен қатар әлеуметтік саясат, мемлекеттік басқару және экономика мәселелері де Кеңес жұмысының негізгі бағыттарының қатарында болады.
Халық кеңесінде жастардың да дауысы естіледі. Құрамда жастардың болуы — бүгінгі ұрпақтың өзекті мәселелерін тікелей көтеріп, олардың қоғамдық бастамаларын талқылауға мүмкіндік береді.
Қоғамның әртүрлі топтарының пікірі бір арнаға тоғысқан жерде ортақ шешім мен нәтижеге бағытталған жұмыс қалыптасады. Халық кеңесінің басты мақсаты да — азаматтардың үнін естіп, елдің дамуына бағытталған нақты бастамаларды қолдау.
Сонымен қатар, Халық кеңесінің жұмысы мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға бағытталады. Кеңес көтерген ұсыныстар қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылауға, азаматтардың бастамаларын қолдауға және елдің даму басымдықтарын айқындауға ықпал ететін болады. Осы арқылы қоғамның сұранысы мен мемлекеттік саясат арасындағы өзара байланысты күшейтуге мүмкіндік ашылады.