Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіндегі жағдайға кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия мүшелерімен кеңес өткізді. Жиында тексеру жұмыстарының алғашқы нәтижелері қаралды.
Комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева Мемлекет басшысына атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, тексерудің негізгі бағыттары бойынша анықталған жайттарды баяндады.
Кеңес барысында Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиға Қарулы күштер жүйесінде қордаланған бірқатар мәселелерді анықтағаны атап өтілді. Алдын ала тергеу нәтижелері әскери іс-шараларды жоспарлау кезінде өрескел қателіктер жіберілгенін және тиісті бақылаудың болмағанын көрсеткен.
Мемлекет басшысы әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты жауапкершілік мәселесіне ерекше назар аударды. Президенттің айтуынша, алғашқы кадрлық шешімдер қабылданғанымен, қайғылы оқиғаға кінәлі лауазымды тұлғалардың барлығы заң аясында жауапқа тартылуға тиіс. Бұл мәселе Мемлекет басшысының жеке бақылауында болады.
Тексерудің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша құқық қорғау органдары мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану және Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелер қызметіндегі өзге де заң бұзушылықтарға қатысты 13 қылмыстық іс қозғады.
Сонымен қатар Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаның себептерін зерделеу кезінде оқу-жаттығу жиындарын әзірлеу мен жоспарлауда елеулі кемшіліктер анықталған. Атап айтқанда, ықтимал тәуекелдерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттарында олқылықтарға жол берілген.
Тексеру жұмыстарының нәтижелері Қарулы күштердегі қызметті ұйымдастыру, әскери іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жауапты тұлғалардың міндеттерін орындау мәселелерін жан-жақты қараудың маңызын көрсетеді.
Мемлекет басшысы анықталған заң бұзушылықтарға құқықтық баға беріліп, кінәлі тұлғалар заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылуы қажет екенін атап өтті.