Шымкенттен тағы 27 азамат әскерге аттанды

Шымкент қаласында мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Қаланың 27 азаматы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің қатарына аттанды.

Салтанатты іс-шара «Абай» саябағындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш жанында ұйымдастырылды. Рәсімге Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов, Қарулы Күштердің ардагерлері, аудан әкімдіктерінің өкілдері, сондай-ақ әскерге аттанушылардың ата-аналары мен жақындары қатысты.

Жиында Мемлекеттік күзет қызметінің стратегиялық нысандар мен мемлекет басшылығының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлі атап өтілді. Осыған байланысты қызметке үміткерлерді іріктеу кезінде олардың дене дайындығына, тәртібіне, психологиялық тұрақтылығына және жеке қасиеттеріне жоғары талаптар қойылады.

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов Отан алдындағы азаматтық борышты өтеудің маңыздылығына тоқталып, әскерге аттанушыларға ақжолтай тілегін жеткізді.

– Отанға қызмет ету – қасиетті борыш. Бүгін сіздер осы борышты өтеуге қадам басқалы тұрсыздар. Мемлекеттік күзет қызметінде әскери қызмет атқару – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Сіздер әкелеріңіз бен аталарыңыздың даңқты дәстүрін абыроймен жалғастырып, мемлекетімізге сенімді тірек, өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар деп сенеміз. Азаматтық борыштарыңызды абыроймен өтеп, аман-есен елге оралыңыздар, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.

Өз кезегінде Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаевтың айтуынша, Мемлекеттік күзет қызметіне іріктелу – жастардың жоғары дайындық деңгейі мен оларға көрсетілген мемлекеттік сенімнің белгісі.

Іс-шара барысында жас сарбаздарға әскери тәртіпті сақтау, Отан алдындағы міндеттерін адал атқару және қызмет барысында жауапкершілік таныту қажеттігі айтылды. Сонымен қатар олардың ата-аналарына алғыс білдіріліп, ұлдарының ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы қызметіне сәттілік тілектері жеткізілді. Салтанатты шығарып салу рәсімі жас азаматтардың әскери қызметке деген жауапкершілігін арттырып, патриоттық рухын нығайтуға бағытталды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *