Жеті жылға дайджест: Қазақстан экономикасы қалай өзгерді?

Соңғы жеті жылда Қазақстан экономикасы айтарлықтай өсіп, бірқатар маңызды өзгерісті бастан өткерді. Жалпы ішкі өнім көлемі ұлғайып, жан басына шаққандағы табыс артты. Шағын және орта бизнес кеңейіп, өндіріс пен қызмет көрсету салаларының дамуына серпін берілді. Экономикалық өсімнің негізгі көрсеткіштеріне назар аударсақ, ел дамуының ауқымын нақты сандардан көруге болады.

Қазақстан экономикасы 300 миллиард доллардан асты

2018 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 61,8 триллион теңгені құраса, 2025 жылдың қорытындысында 159,6 триллион теңгеге жетті. Осылайша экономиканың номиналды көлемі жеті жыл ішінде 2,6 есеге өсті.

Доллармен есептегенде жалпы ішкі өнім 306 миллиард долларға жетіп, 2018 жылғы деңгейден 70,6 пайызға жоғарылады. Дүниежүзілік банктің деректеріне сәйкес, Қазақстан әлемдегі ірі экономикалар рейтингінде 55-орыннан 48-орынға көтеріліп, алғашқы елу елдің қатарына енді.

Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім де оң динамика көрсетті. 2018 жылы бұл көрсеткіш 9,8 мың доллар болса, 2025 жылы 15 мың долларға жетті. Өсім 52,9 пайызды құрады.

Экономиканың әртүрлі саласы дамып келеді

Соңғы жылдары өсім тек мұнай өндірісімен шектелмеді. Құрылыс көлемі 2,4 есеге ұлғайды. Өңдеу өнеркәсібі 41,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 25,6 пайызға, сауда 44,1 пайызға өсті. Байланыс қызметтерінің көлемі 56,4 пайызға, көлік қызметтері 38,4 пайызға артты.

Шағын және орта бизнестің үлесі артуда

Кәсіпкерлік те экономиканың маңызды тірегіне айналды. 2018 жылы шағын және орта бизнес саласында шамамен 3,3 миллион адам еңбек етсе, қазіргі көрсеткіш 4,5 миллионнан асты. Бұл – жеті жылда 36,7 пайыздық өсім.

Жалпы, көрсеткіштер Қазақстан экономикасының көлемі ұлғайып, түрлі салалардың даму қарқыны артқанын көрсетеді. Алдағы міндет – осы өсімді тұрақты сақтап, оның халықтың әл-ауқатына оң әсерін күшейту.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *