Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Королі Филипппен және Патшайым Матильдамен бірге Қазақстан Республикасының Ұлттық музейін аралады. Мемлекеттік сапар аясында ұйымдастырылған мәдени бағдарлама барысында мәртебелі меймандар қазақ халқының бай тарихи-мәдени мұрасымен және ұлттық өнер туындыларымен танысты.
Қонақтар алдымен музей кешенінің сәулеттік ерекшеліктерін тамашалап, Ұлы даланың сан ғасырлық тарихын бейнелейтін экспозицияларды көрді. Музей қорындағы құнды жәдігерлер Қазақстанның тарихи даму кезеңдерін, көшпелі өркениеттің жетістіктерін және халқымыздың мәдени мұрасын таныстыруға мүмкіндік береді.
Әсіресе, археологиялық қазбалар мен ежелгі зергерлік өнер туындылары қойылған Алтын залға ерекше назар аударылды. Мұнда Есік қорғанынан табылған әйгілі «Алтын адам», сондай-ақ Берел, Талды-2, Тақсай және Шілікті қорғандарынан табылған алтын бұйымдар ұсынылған. Бұл жәдігерлер ежелгі дәуірдегі шеберлердің жоғары қолөнер деңгейін және Ұлы даладағы мәдени дәстүрлердің тереңдігін көрсетеді.
Этнография залында Бельгия Королі мен Патшайымы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрлерімен, материалдық және рухани мәдениетімен танысты. Экспозиция ұлттық құндылықтардың ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқанын және олардың халықтың тарихи жадындағы орнын айқындайды.
Сонымен қатар мәртебелі қонақтарға бельгиялық суретші Джеймс Энсордың шығармалары қойылған көрме таныстырылды. Бұл мәдени бағдарлама екі елдің өнер саласындағы байланыстарын кеңейтуге және өзара мәдени танымын арттыруға ықпал етеді.
Сапар соңында Король Филипп пен Патшайым Матильда Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.
Ұлттық музейге жасалған сапар Қазақстан мен Бельгия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға, тарихи мұраны халықаралық деңгейде танытуға және халықтар арасындағы достық байланыстарды тереңдетуге бағытталған маңызды қадам болды.