NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг Қазақстанды Еуропаның болашақ есептеу орталығы және жасанды интеллект өндірісінің маңызды алаңы деп бағалады. Оның айтуынша, еліміз энергетикалық ресурстарды экспорттаумен шектелмей, оларды жоғары технологиялық өнімдер мен интеллектуалдық шешімдер өндіруге бағыттауы тиіс.
Қазақстан цифрландыру саласында Орталық Азиядағы жетекші мемлекеттердің бірі. Network Readiness Index 2025 рейтингінде 65-орынға ие болды. Ал БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексінде 193 елдің ішінде 24-орынға көтерілді. Мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн форматқа көшірілген.
2025 жылы Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 1,142 млрд долларға жетті. Салыстыру үшін, 2020 жылы бұл көрсеткіш 33,5 млн доллар болған.
Қазіргі уақытта елімізде NVIDIA технологиялары негізінде екі суперкомпьютерлік кластер жұмыс істейді. Сонымен қатар, NVIDIA және Firebird компанияларымен жасалған, жалпы көлемі 10 млрд долларға дейінгі келісімдер аясында жаңа есептеу инфрақұрылымын құру жоспарланған.
Осы бастамалардың негізгі жобаларының бірі – Екібастұз қаласындағы Data Center Valley деректер орталығы. Алғашқы кезеңде оның қуаты 300 МВт болады, кейін 1 ГВт-қа дейін ұлғайту көзделген. Жоба аясында 100 мыңға дейін графикалық процессорды қамтитын есептеу кластерін қалыптастыру жоспарланып отыр. Коммерциялық іске қосу 2027 жылдың үшінші тоқсанына белгіленген.
Қазақстанның цифрлық әлеуетін арттыруда Каспий теңізінің түбімен өтетін Қазақстан – Әзербайжан бағытындағы талшықты-оптикалық байланыс желісінің де маңызы зор. Бұл жоба Еуропа мен Азия арасындағы деректер алмасуды жеделдетіп, еліміздің халықаралық цифрлық транзиттік орталық ретіндегі рөлін нығайтады.
Жасанды интеллект саласындағы отандық әлеуеттің жарқын мысалы – Higgsfield стартапы. Компанияның Қазақстандағы инженерлік және креативті командаларында 300-ден астам маман жұмыс істейді. 2026 жылы стартап 400 млн доллар инвестиция тартып, компанияның нарықтық бағасы 5,4 млрд долларға жетті.