Дмитрий Баландин брасс әдісімен 200 метрге жүзуден 4-орын алды

Қытай астанасы Бейжіңде Champions Swim Series жарысының екінші кезеңі аясында 200 метрге брасс әдісімен жүзу бәсекесі өтті. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған қашықтықты 2:12.36 көрсеткішімен жүзіп өткен Дмитрий Баландин 4-орын алды. Жарыс жолын 2.08.40-та бағындырған жапондық Ватанабэ Иппэй топ жарса, күмісті 100 және 200 метрге брасс әдісімен жүзуден өткен жылғы Еуропа чемпионы нидерландтық Арно Камминга иеленді. Қола медаль америкалық Джон Преноға бұйырды.

Бейжіңде өткен Champions Swim Series кезеңінің жалпы жүлде қоры 900 мың АҚШ доллары. Бірінші орын алған адам — 10 мың, екінші — 8 мың, үшінші орын алған адам 6 мың доллар алады.

Халықаралық жүзу федерациясы (FINA) Champions Swim Series жарысын өткен жылы бекіткен болатын. Бұл сынға Олимпиада, әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және ең үздік деген спортшылар қатысады. Өткен жылы бәсеке Гуанчжоу, Будапешт пен Индианаполисте өткен еді. Жарыс нәтижелеріне қарай қатысушыларға әлемдік рейтингте ұпай қосылады.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*