ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: «ҚАЗАҚ ЕЛІ БАРДА ҚАЗАҚ ТІЛІ ТҰҒЫРДАН ТҮСПЕЙДІ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі, қоғамдағы қолданыс аясы мен болашағы туралы пікір білдіріп, ана тіліміздің ел бірлігін нығайтудағы, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі және Қазақстанның халықаралық беделін арттырудағы маңыздылығына тоқталды.

Президент қазақ тілін Тәуелсіздіктің мызғымас символы, мемлекеттіліктің басты нышандарының бірі және ұлттың мәңгілік жаны ретінде қабылдау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, қазақ тіліне құрмет көрсету – әрбір азаматтың азаматтық әрі адамгершілік борышы. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің мәртебесі мен абыройы елдің экономикалық, технологиялық және өркениеттік жетістіктерімен тікелей байланысты.

«Біз экономикасы дамыған, инновациясы мен технологиясы үздік, әлем жұртшылығы мойындаған, өркениетті, мықты мемлекет болсақ, қазақ тілі де қуатты тіл болатыны анық. Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Бұл – ақиқат», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгінде қазақ тілінің білім беру саласындағы қолданыс аясы да кеңейіп келеді. Президенттің мәліметінше, балабақша мен мектептерде балалардың басым бөлігі қазақ тілінде білім алуда. Биыл мектеп табалдырығын аттаған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданған. Сондай-ақ колледждер мен жоғары оқу орындарында қазақ тілінде білім беретін бөлімдердің саны артып келеді.

Мемлекет басшысы қазақ тілінің мәдениет пен шығармашылық индустриядағы қолданысына да ерекше назар аударды. Ана тілімізде жарық көретін кітаптардың, әндердің және фильмдердің нарықтағы үлесі жылдан-жылға ұлғаюда. Мәселен, былтыр баспадан шыққан 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылған. Ал биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде жарыққа шыққан.

Президент әлемге әйгілі тарихи тұлға Бейбарыс сұлтанды, ұлы ойшыл Абайды, көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевты атап өтіп, қазіргі қазақ мәдениеті мен зияткерлік әлеуетін жаһанға танытып жүрген Димаш Құдайберген, Самал Еслямова, Бибісара Асаубаева, сумо балуаны Ерсін Балтағұл (Кимбозан Харуки) және Higgsfield AI жаһандық стартапының жетекшісі Ерзат Дулатовтың еңбегіне тоқталды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *