Шымкентте Мәдениет және өнер ұлттық университеті ашылады

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкентте Мәдениет және өнер ұлттық университеті құрылады. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов тиісті Үкімет қаулысына қол қойды.

Жаңа жоғары оқу орны Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің мәдениет және өнер факультеті негізінде ашылады. Мұнда бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша мамандар даярланады.
Мамандар даярлауда кино және драматургия, кино және теледидар режиссурасы, графика мен мультимедиа, медиаменеджмент, операторлық өнер және дыбыс режиссурасы сияқты сұранысқа ие шығармашылық бағыттарға басымдық беріледі.
Университетке ерекше мәртебе беріледі. Бұл оқу орнына заманауи білім беру бағдарламаларын енгізуге, халықаралық жобаларға қатысуға және білім, ғылым, мәдениет пен креативті индустриялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға кең мүмкіндік ашады.

Жаңа университеттің ашылуы Шымкент пен оңтүстік өңірдегі шығармашыл жастардың кәсіби білім алу мүмкіндігін кеңейтеді. Болашақ режиссерлер, драматургтер, операторлар мен мультимедиа мамандары өз жобаларын әзірлеп, таңдаған саласында тәжірибе жинақтай алады.

Оқу орнының мәдениет мекемелерімен, кино және телестудиялармен, сондай-ақ креативті индустрия өкілдерімен ынтымақтастығы студенттерді кәсіби ортаға ерте бейімдеуге ықпал етеді. Бірлескен жобалар жас мамандарға өз жұмыстарын көрерменге ұсынуға мүмкіндік беріп, өңірдегі мәдени бастамалардың дамуына серпін береді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *