ШЫМКЕНТТЕГІ МҰХТАР ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНЕ «ҰЛТТЫҚ» МӘРТЕБЕ БЕРІЛЕДІ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Астана қаласында өткен Стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетіне «Ұлттық» мәртебе беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

«Халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне «Ұлттық» мәртебе беру туралы шешім қабылдадым», – деді Мемлекет басшысы.

Бұл – университет тарихындағы маңызды белес әрі ұжымға артылған үлкен сенім. Мемлекет басшысының бұл шешімі оқу орнының көпжылдық тарихына, ғылыми әлеуетіне, қалыптасқан білім беру дәстүріне және ел дамуына қосқан үлесіне берілген жоғары баға.

Шымкент пен оңтүстік өңір үшін бұл шешімнің маңызы зор. Ұлттық мәртебе университеттің жергілікті кәсіпорындармен ғылыми байланысын нығайтып, өңірге қажетті мамандарды даярлау ісіне серпін береді. Мұндай әріптестік студенттерге оқу кезінде өндірістік тәжірибе жинауға, ал ғалымдарға кәсіпорындармен бірлесіп, нақты технологиялық міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.

Жаңа мәртебе университет ұжымының алдына да маңызды міндеттер қояды. Солардың бірі – студенттерді алғашқы курстардан бастап ғылыми ізденіске баулу, жас зерттеушілерге өз жобаларын дамытуға қолдау көрсету. Осы бағыттағы жұмыс Шымкент жастарының туған қаласында сапалы білім алып, ғылыммен айналысуына кеңірек жол ашады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *