Шымкентте Францияға шенген визасын рәсімдеуге арналған құжаттарды қабылдау орны ресми түрде ашылды. Енді қала тұрғындары мен жақын өңірлердің азаматтары визалық өтініштерін Алматы немесе Астанаға бармай-ақ, Шымкентте тапсыра алады.
Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, Францияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге, Францияның Қазақстандағы Бас консулы Максим Жеренже және Францияның Шымкент пен Түркістан облысындағы құрметті консулы Игорь Копайлов қатысты.
Жаңа орын Шымкент қаласының әкімдігі мен Францияның Қазақстандағы Елшілігі арасындағы келісімдер аясында ашылып отыр. Құжаттарды қабылдау халықаралық виза операторы VFS Global компаниясының көмегімен, биометриялық деректерді жинауға арналған мобильді жабдықтарды пайдалану арқылы жүзеге асырылады.
Қала әкімі Франция Елшілігіне және жеке Елшіге осы бастаманы қолдағаны үшін алғыс білдіріп, жаңа пункттің ашылуы Шымкент пен Оңтүстіктің тұрғындары үшін маңызды екенін атап өтті.
Жаңа қызмет Шымкент пен оған жақын елдімекендердің тұрғындарына қажет рәсімдерді қалада орындауға мүмкіндік беріп, виза алуға құжат тапсыру процесін едәуір жеңілдетеді. Құжаттар сұраныс төмен маусымда айына бір рет, ал сұраныс жоғары кезеңде, наурыздан шілдеге дейін, айына екі рет қабылданады.
Құжат қабылдау пункті Alban Business Center бизнес орталығының 6-қабатында, Қонаев даңғылы, 15/2 мекенжайында орналасқан.
Құжат тапсыруға алдын ала жазылу VFS Global компаниясының ресми сайты арқылы жүзеге асырылады.
Айта кетейік, жаңа пункттің ашылуы қала әкімдігі мен Францияның Қазақстандағы Елшілігі арасындағы ынтымақтастықты дамыту нәтижесінде жүзеге асып, еліміздің оңтүстік өңірінің тұрғындары үшін консулдық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі