Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті қолдауға ерекше мән беріп, бизнеске кедергі келтірмеудің өзі іскерлік белсенділікті арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Осыған байланысты микро және шағын бизнесті тексеруге 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап үш жылдық мораторий енгізу мәселесін талқылауды ұсынды. Сонымен қатар бақылау-қадағалау жүйесін жаңғыртып, реттеудің цифрлық моделіне көшу қажеттігін айтты.
Президент шағын және орта бизнеске заңсыз тосқауыл қоюға жол бермеу, кәсіпкерлерге тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Отандық өндірушілердің ішкі нарыққа шығуына кедергі келтіретін әрекеттерге қатаң тосқауыл қойылуы тиіс.
Кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін жетілдіру инвестициялық ахуалды жақсартып, ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен дербестігін нығайтуға мүмкіндік береді.