Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық мәдениетті дамытуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және тарихи-мәдени мұраны сақтауға ерекше мән беріп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Ұлы даланың сан ғасырлық тарихын арқау еткен жаңа туындының маңызы зор. Қойылым Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында айқындалған құндылықтармен үндесіп, тарихи сананы жаңғыртуға ықпал етеді.
Премьераны Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Эстонияның Мәдениет министрі Хейди Пурга, Құрылтай депутаттары, халықаралық ұйымдардың басшылары, дипломатиялық корпус өкілдері, отандық және шетелдік мәдениет пен өнер қайраткерлері тамашалады.
Балеттің негізгі желісі сақ патшайымы Томиристің өмір жолына негізделген. Басты кейіпкердің ерлігі мен қайсарлығы арқылы елге деген сүйіспеншілік, азаттық, батылдық және адалдық құндылықтары дәріптеледі.
«Томирис» – «Астана Опера» театрының шығармашылық ұжымы әзірлеген тұңғыш толыққанды екі актілі ұлттық балет. Туындының музыкасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хамит Шаңғалиев жазған. Қоюшы хореографы – Сұлтанбек Ғұмар, либретто авторы – Ермек Аманшаев.
Қойылымда классикалық балет өнері, қазақ биінің элементтері, ұлттық әуендер мен заманауи хореография өзара үйлесім тапқан. Сахнаның көркемдік безендірілуін жапониялық сценограф Йоко Сеяма әзірлесе, костюм суретшісі Дариға Тайшықова сахналық киімдерді дайындауда сақ дәуірінің тарихи ерекшеліктерін негізге алған.
Тарихи оқиғаларды заманауи сахна тілімен жеткізген шығармашылық ұжым ұлттық өнердің өзіндік ерекшелігін таныта білді. Халықаралық және отандық мамандардың бірлескен еңбегі қойылымның көркемдік мазмұнын байыта түсті.
Спектакль аяқталған соң, Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев театрдың шығармашылық ұжымын премьерамен құттықтап, ұлттық мәдени мұраны танытатын төл туындыларды сахналаудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ қойылым авторларына, әртістерге және театр мамандарына алғыс білдірді.
«Томирис» балетінің әлемдік премьерасы Қазақстанның мәдени өміріндегі айтулы оқиғаға айналды. Жаңа туынды ұлттық балет өнерінің дамуына серпін беріп, еліміздің бай тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен танытуға мүмкіндік ашады. Сонымен қатар өскелең ұрпақтың тарихи танымын кеңейтуге, ұлттық рухы мен отансүйгіштік сезімін нығайтуға ықпал етеді.