Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады.
Президент өз құттықтауында Республика күнінің қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруын айшықтайтын қастерлі мереке екенін атап өтті. Бұл күн ел тарихындағы маңызды кезеңді білдіріп, мемлекеттіліктің негіздерін нығайтуға бағытталған тарихи қадамдардың маңызын көрсетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның егемендік жылдарында талай сын-қатерді еңсеріп, маңызды жетістіктерге қол жеткізгеніне тоқталды. Осы кезеңде елдің экономикалық әлеуеті артып, мемлекеттік институттар нығайып, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі айтарлықтай өсті. Мемлекет басшысы Қазақстан Тәуелсіздіктің 35 жылдық межесіне экономикасы қуатты, қоғамы жасампаз, әлемдік қауымдастықта өзіндік орны бар беделді әрі ықпалды мемлекет ретінде жетіп отырғанын атап өтті.
Президент биыл еліміз үшін тарихи маңызы зор кезең басталғанын айтты. Алдағы негізгі міндет – мықты мемлекеттік институттары қалыптасқан, сапалы адами капиталы бар, жаһандық бәсекеге қабілетті, озық әрі дамыған мемлекет құру. Құттықтауда Конституцияның заңды күшіне енуі еліміздің қоғамдық-саяси дамуындағы ерекше тарихи оқиға ретінде бағаланды. Жаңа конституциялық негіз мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени салаларда ауқымды өзгерістерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Конституцияда айқындалған құндылықтарға сүйене отырып, елдің стратегиялық даму бағыты жалғаса беретінін жеткізді. «Біз алдымызға қойған барлық міндеттерді жүзеге асырамыз» деген Президент ел болашағының берік негізі – бірлік, тұрақтылық, жауапкершілік және жасампаз еңбек екенін атап өтті.
Республика күні – ел тарихын ұлықтап, тәуелсіздік құндылықтарын дәріптейтін, азаматтарды ортақ мақсат жолында біріктіретін маңызды ұлттық мереке.