ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ БАТПЫРАУЫҚТАР ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Республика күні мерекесінде Шымкент қаласының аспаны түрлі түсті батпырауықтарға толды. 25 қазанда Shymkent City Park саябағында отбасыларды, балаларды және қала қонақтарын біріктірген батпырауықтар фестивалі ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шараны «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы өткізді.

Фестивальдің басты ерекшелігі – бір мезетте 1000 батпырауықтың көкке көтерілуі болды. Сонымен қатар қатысушылар батпырауық ұшыру жарыстарына қатысып, алып әуе құрылымдарының шоуын тамашалады. Балаларға арналған шеберлік сабақтары мен интерактивті бағдарламалар да ұйымдастырылды.

Мерекелік атмосфераны концерттік қойылымдар, би нөмірлері мен диджейлердің музыкалық бағдарламалары толықтырды. Кішкентай қонақтар үшін аниматорлар мен сабын көпіршіктерінің шоуы ұсынылды. Ал арнайы демалыс аймақтары тұрғындарға отбасымен бірге таза ауада уақыт өткізуге мүмкіндік берді.

«Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Заманбек Орынбеков фестивальдің маңызына тоқталып, мұндай шаралар қаланың туристік әлеуетін арттыруға және отбасылық демалыс мәдениетін дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

Оның айтуынша, фестивальдің негізгі мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ұлттық мерекені жақындарымен бірге атап өтуге жағдай жасау. Сонымен қатар осындай ауқымды іс-шаралар Шымкенттің туристік тартымдылығын арттырып, тұрғындар мен қонақтарға ортақ мерекелік орта қалыптастырады.

Фестиваль барысында балалар батпырауық ұшыруды үйреніп, түрлі ойындарға қатысты. Ересектер концерттік бағдарламаны тамашалап, отбасыларымен бірге естелік суреттерге түсті.

Мерекелік бағдарламаның тағы бір бөлігі мотоцикл маусымының жабылуына арналды. Шараға Республика күнін бірге атап өту үшін жиналған 200-ге жуық мотоциклші қатысты.

Осылайша, батпырауықтар фестивалі Шымкент тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлап, Республика күні мерекесінің мазмұнын толықтырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *