Шымкентте республикалық пікірсайыс турнирінің іріктеу кезеңі басталды

Шымкент қаласында Республика күніне орай жастар арасында республикалық пікірсайыс турнирі өтуде. «Терең тарихтан – жарқын болашаққа» тақырыбындағы зияткерлік дода Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен өткізілуде.

Турнирге еліміздің әр өңірінен келген 64 команда қатысып, өзара бақ сынауда. Қатысушылар қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада пікірталасқа түсіп, білім деңгейі, логикалық ойлау қабілеті мен шешендік шеберліктерін көрсетуде.

Пікірсайыс барысында жастар қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша түрлі ұстанымдарды талқылап, өз көзқарастарын нақты дәлелдермен қорғауға мүмкіндік алады. Турнир қатысушылардың тек білімін сынап қана қоймай, олардың сыни ойлау, талдау және пікір қалыптастыру қабілеттерін жетілдіруге бағытталған.

Зияткерлік додада бірнеше кезең бойынша үздіктер анықталады. АПФ форматында төрт іріктеу ойыны ұйымдастырылса, ЛД форматында қатысушылар 1/8, 1/4 және 1/2 финалдық кезеңдерде бақ сынайды. Әр кезеңде командалар өзара пікір алмасып, тақырыпты жан-жақты талдау арқылы келесі кезеңге жолдама алу үшін күш сынасады.

Пікірсайыс мәдениеті жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып, азаматтық ұстанымын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар мұндай интеллектуалдық алаңдар жастардың өз ойын еркін әрі сауатты жеткізуіне, қарсы тараптың пікірін тыңдап, оны саралауына және дәлелді жауап қалыптастыруына мүмкіндік береді.

Республика күніне орай ұйымдастырылған турнирдің негізгі мақсаты – еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жастардың басын қосып, олардың интеллектуалдық әлеуетін арттыру, пікірсайыс мәдениетін дамыту және ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылауға жағдай жасау.

Турнир қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *