Шымкентте ұлттық мереке – Республика күніне орай 100 метрлік ту тұғырына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеру рәсімі өтті. Салтанатты шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, қоғам өкілдері, қала тұрғындары және жастар қатысты.
Салтанатты рәсім барысында көк байрағымыз биік тұғырға көтеріліп, Мемлекеттік әнұран орындалды. Елдің басты мемлекеттік рәміздерінің бірі – көк Тудың көкке көтерілуі Республика күні мерекесінің мазмұнын айқындай түсіп, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады.
Іс-шара мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға, ел азаматтарының бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. Мемлекеттік ту – Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігінің, халық бірлігі мен ел тұтастығының маңызды нышаны.
Биыл Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылданғанына 36 жыл толып отыр. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған тарихи құжат еліміздің тәуелсіздікке қарай жасаған маңызды қадамдарының бірі болды. Декларация Қазақстанның мемлекеттік егемендігін бекітіп, елдің дербес даму жолына түсуіне құқықтық және саяси негіз қалыптастырды.
Осы тарихи оқиғаның мәні бүгінгі Республика күнімен сабақтасып жатыр. Ұлттық мереке – елдің өткенін бағалап, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерді саралап, мемлекеттіліктің маңызын терең түсінуге мүмкіндік беретін ерекше күн.
Бүгінде Республика күні азаматтарды ортақ құндылықтар мен елдік мұраттар төңірегінде біріктіріп келеді. Бұл күн әр азаматтың ел болашағына жауапкершілікпен қарап, қоғамның тұрақты дамуына өз үлесін қосуының маңызын еске салады.
Шымкенттегі 100 метрлік ту тұғырына Мемлекеттік ту көтеру рәсімі ұлттық мерекенің жоғары деңгейде аталып өтуінің көрінісі болды. Көк байрақтың биікте желбіреуі – елдің бірлігі мен тәуелсіздігінің, бейбіт болашаққа деген сенімінің символы.