Шымкент қаласындағы «Астана» алаңында Республика күніне арналған мерекелік концерт екінші күні де жалғасын тапты. Қала тұрғындары мен қонақтары бас қосқан мәдени кеш отандық эстрада жұлдыздарының өнерімен және жарқын отшашумен қорытындыланды.
Мерекелік концерт барысында танымал әншілер мен жергілікті өнерпаздар сахнаға шығып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Атап айтқанда, Жұбаныш Жексенұлы, Нұржан Керменбаев, Мәдина Сәдуақасова, Дастан Оразбеков және басқа да эстрада жұлдыздары өздерінің танымал әндерін орындады. Әсем әуендер мен сахналық қойылымдар мерекелік кештің мазмұнын толықтырды.
Шымкент қаласының әкімдігі ұйымдастырған ауқымды мәдени іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ел бірлігі мен тәуелсіздіктің маңызын насихаттау, сондай-ақ тұрғындардың мерекелік көңіл күйін көтеру.
Республика күні – Қазақстанның мемлекеттілік тарихындағы маңызды белестерді еске алып, егемендіктің қадірін түсінуге мүмкіндік беретін ұлттық мереке. Бұл күн азаматтарды ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіріп, елдің болашағына жауапкершілікпен қарауға, қоғамның дамуына үлес қосуға үндейді.
Биылғы мерекенің маңызы ерекше. Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына ұласатын тарихи кезеңде Республика күні елдің қалыптасу жолын саралап, жетістіктерді бағалауға және алдағы мақсаттарды айқындауға мүмкіндік береді.
Шымкентте ұлттық мерекеге орай түрлі мәдени және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындар мен қала қонақтарына мерекелік демалыс ұсынылды. Екі күнге созылған концерттік бағдарлама да осы шаралардың қатарынан орын алды.
Мерекелік кештің шарықтау шегі – аспанға атылған жарқын отшашу болды. Түрлі түске боялған түнгі аспан қала тұрғындарына ерекше әсер сыйлап, Республика күніне арналған мерекелік бағдарламаның әдемі қорытындысына айналды.