Еліміздің түкпір-түкпірінен келген белсенді жастар бас қосқан Волонтерлер форумы өз жұмысын бастады. Форумның ашылуында еріктілер қозғалысының қоғамдағы орны, оның дамуы мен болашағы кеңінен сөз болды.
Шараға қатысушыларды құттықтаған Мемлекет басшысы волонтерлерді Қазақстанның нағыз отаншыл, жасампаз әрі қамқор жастары деп атап, олардың ел дамуына қосып отырған үлесін жоғары бағалады. Биыл бүкіл әлемде Халықаралық еріктілер жылы аталып өтіп жатқанын айтқан Президент бұл бастаманы Қазақстан ұсынғанын және оның жаһандық деңгейде қолдау тапқанын жеткізді.
Мемлекет басшысы ерікті болу – қоғамға пайда келтіру, игі іс жасау, Отанға адал қызмет ету екенін атап өтті. Оның айтуынша, волонтерлер – озық ойлы қоғамның айнасы, ал нағыз ерікті елдің мұрат-мүддесін биік қоятын саналы азамат. 
Форум барысында соңғы жылдары волонтерлердің ел өміріндегі рөлі айрықша артқаны айтылды. Пандемия кезеңінде, табиғи апаттар мен сын сағаттарда еріктілер алдыңғы шепте жүріп, дәрігерлерге, құтқарушыларға, мұқтаж жандарға көмек көрсетті. Алапат тасқын кезінде 50 мыңға жуық волонтер табанды еңбек етті.
Қазіргі таңда Қазақстанда 1 ұлттық және 20 аймақтық фронт-офис жұмыс істейді. 2020 жылы елде 50 мың волонтер болса, бүгінде олардың саны 300 мыңға жеткен. Қоғамдық пайдалы іспен айналысатын ұйымдар саны төрт есеге жуық артып, 800-ден асты. Еріктілер экология, білім, мәдениет салаларында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. «Жас ағаш», «Эко бақылау», «Білім волонтерлері» сынды жобаларға 100 мыңға жуық ерікті атсалысқан.
Форум аясында волонтерлік қозғалысты дамытуға қатысты бірқатар маңызды міндеттер айқындалды. Атап айтқанда, волонтерлік қызметке цифрлық технологияларды енгізу, халықаралық ынтымақтастықты арттыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, 2030 жылға дейінгі жаңа Жол картасын әзірлеу және корпоративтік волонтерлікті дамыту қажеттігі атап өтілді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы бизнес өкілдерін әлеуметтік жауапкершілікке шақырып, корпоративтік волонтерлік жобаларды қолдаудың маңызын айтты. Осы бағытта халыққа қамқорлық көрсеткен азаматтарды ынталандыру үшін «Мейірім» ордені тағайындалғаны да атап өтілді.
Форум волонтерлердің ел болашағындағы рөлін айқындап, жасампаз жастарға деген зор сенімді тағы бір мәрте көрсетті.