Қазақта «бір тал кессең, он тал ек» деген мақал бар. Түсінген адамға бұл – табиғатты аяла деген сөз. Бұдан бөлек, қоршаған ортаны қорғауға қатысты ырым-тыйымдарымыз да жетерлік. Демек, қазақ халқы ертеден-ақ экология мәселесіне бейжай қарамаған.
Қай кезеңнен басталғаны белгісіз, бірақ қоғам бір сәтте осы табиғи болмысынан ажырап қалған тәрізді еді. Көшеге қоқыс тастау, табиғатты ластау сияқты жағымсыз әдеттер кең таралды. Алайда қазір бұл көзқарас біртіндеп өзгеріп келеді. Адамдар қоршаған ортаны қорғауға көбірек мән бере бастады. Бұған, сөз жоқ, мемлекеттік бастамалардың да ықпалы бар.
Мәселен, «Таза Қазақстан» акциясы ұлттық құндылықтар мен қазіргі заманды ұштастырып, қоғамның экологиялық санасын оятатын маңызды жобаға айналды. Президент Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан акция елімізде жаппай қолдау тапты. Нақты статистиканы айтпағанда, миллиондаған тонна қоқыс жиналып, көптеген ағаш отырғызылды, аулалар мен өзен-көл жағалаулары тазартылды.
Ең бастысы, қоғам табиғатты қорғаудың маңызын жүрегімен сезіне бастады. Сол себепті адамдар тазалық жұмыстарына белсенді қатысады. Экология мәселесінің жаңа Конституцияда көрініс табуы да маңызды қадам. Енді бұл мәселе конституциялық деңгейге көтерілді. Осылайша, халқымыз тарихи тамырымен қайта табысып, ұлттық құндылықтарымыз жаңғырып отыр.

Журналист Рахат Арғынбай