Мемлекет басшысы Халықаралық үстел теннисі федерациясының президенті Петра Сёрлингті қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) президенті Петра Сёрлингті қабылдады. Кездесу барысында Қазақстанда үстел теннисін дамыту және халықаралық спорттық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.

Президент Петра Сёрлингке Қазақстандағы үстел теннисінің дамуына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін алғыс білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Халықаралық үстел теннисі федерациясымен ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті.Мемлекет басшысы елімізде үстел теннисіне деген қызығушылықтың, әсіресе жастар арасында артып келе жатқанын айтты. Қазіргі таңда Қазақстанда 260 мыңнан астам адам үстел теннисімен жүйелі түрде айналысады. Бұл көрсеткіш спорттың бұқаралық сипат алып келе жатқанын көрсетеді.

Президент спорт резервін даярлау, жас спортшылардың шеберлігін арттыру және халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысу мүмкіндігін кеңейту үшін қажетті инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Үстел теннисін бұқаралық спорт ретінде одан әрі дамытуға да басымдық берілуде.Кездесуде 2027 жылы Астана қаласында өтетін үстел теннисінен әлем чемпионатына дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған жарысты Қазақстанда өткізуге қолдау көрсеткені үшін Петра Сёрлингке ризашылығын білдірді.

2027 жылғы әлем чемпионаты Орталық Азияда үстел теннисі бойынша алғаш рет ұйымдастырылатын ірі халықаралық дода болмақ. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл жарыс Қазақстанның спорттық әлеуетін халықаралық деңгейде танытып қана қоймай, өңірде үстел теннисінің кеңінен дамуына жаңа серпін береді.Өз кезегінде ITTF президенті Петра Сёрлинг үстел теннисіне көрсетіліп отырған қолдауы үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты. Ол федерацияның Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыруға және осы спорт түрін одан әрі насихаттауға дайын екенін жеткізді.

Кездесу соңында тараптар үстел теннисін дамыту, халықаралық жарыстар өткізу және спорттық байланыстарды нығайту бағытындағы өзара ынтымақтастықты жалғастырудың маңызын атап өтті.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *