Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа көлік-логистика және цифрлық инфрақұрылым салаларындағы бірқатар ірі IT-жобалар таныстырылды. Көрсетілім барысында мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға, кедендік рәсімдерді оңтайландыруға, тасымал үдерістерін цифрландыруға және өңірлік инфрақұрылымды басқаруды жетілдіруге бағытталған заманауи шешімдер ұсынылды.
Аталған жобалар еліміздің цифрлық трансформациясын жеделдетуге және экономиканың негізгі салаларында ашықтық пен тиімділікті арттыруға бағытталған. Цифрлық шешімдер мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға, деректер алмасуды жеңілдетуге және басқару процестерін жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Көрсетілімде KEDEN бірыңғай цифрлық платформасы таныстырылды. Бұл жүйе кедендік рәсімдерді толық цифрландыруға, шекаралық бақылауды жеделдетуге және сыртқы сауда үдерістерін тиімді басқаруға бағытталған. Платформа бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайтып, ашықтықты арттырады.
Сонымен қатар SmartCargo жүйесі ұсынылды. Бұл платформа көлік-логистика саласындағы барлық негізгі мемлекеттік және салалық сервистерді біріктіріп, тасымал процестерін толық цифрландыруға мүмкіндік береді. Жүйе жүк қозғалысын бақылаудан бастап, логистикалық жоспарлауға дейінгі үдерістерді автоматтандырады.
National Road Geoportal (KazMaps) жобасы автожол инфрақұрылымын цифрлық форматта басқаруға арналған геоақпараттық жүйе ретінде таныстырылды. Ол жолдардың жағдайын мониторингтеуге, жөндеу жұмыстарын жоспарлауға және көлік ағындарын тиімді реттеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Алматы қаласының IT-экожүйесі таныстырылып, онда қоғамдық қауіпсіздік, білім беру және жол қозғалысын басқару салаларында енгізілген цифрлық шешімдер көрсетілді. Жасанды интеллект негізіндегі жүйелер қаланы «ақылды қала» тұжырымдамасына жақындатуда.