Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Dubai World Trade Center атқарушы вице-президенті Трикси Лохмирмандты қабылдады.

Кездесу барысында Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту, халықаралық технологиялық платформалар аясындағы ынтымақтастықты кеңейту және еліміздің жаһандық технологиялық кеңістіктегі орнын нығайту мәселелері талқыланды.

Президент Қазақстанның алдағы үш жылда толық цифрлық мемлекетке айналу жөнінде өршіл мақсат қойғанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, цифрлық трансформация ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа технологияларды кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда өтіп жатқан Орталық Азиядағы алғашқы GITEX AI Central Asia & Caucasus форумының маңыздылығына тоқталды. Аталған форум Қазақстанның жаһандық технологиялық күн тәртібін қалыптастыруға белсенді атсалысуға дайын екенін көрсететін маңызды алаң саналады.

Кездесуде Алматы қаласының өңірлік технологиялық хаб ретіндегі әлеуетіне де ерекше назар аударылды. Бүгінде еліміздегі IT-компаниялардың үштен бірі Алматыда шоғырланған. Қалада стартаптар, инвесторлар, технологиялық компаниялар мен халықаралық ойыншыларды біріктіретін дамыған экожүйе қалыптасып келеді.

Мемлекет басшысы Трикси Лохмирмандтың GITEX AI Central Asia & Caucasus форумын халықаралық деңгейде ілгерілетуге қосқан үлесін жоғары бағалады.

Өз кезегінде Dubai World Trade Center атқарушы вице-президенті форум технологиялық нарықтың негізгі қатысушыларын бір алаңға жинап, жаңа серіктестіктер орнатуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Әңгімелесу барысында GITEX AI Central Asia & Caucasus форумын Орталық Азияда жыл сайын өткізу, сондай-ақ Қазақстанда халықаралық және өңірлік деңгейдегі өзге де технологиялық іс-шараларды ұйымдастыру мүмкіндіктері қарастырылды.