Отан қорғаушы күні қарсаңында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты республикалық «QAISAR» әскери-патриоттық жобасы аясында еліміздің 20 өңірінде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыруда. Жобаға 5 мыңнан астам жас азамат қатысып, патриоттық тәрбиені нығайтуға бағытталған түрлі форматтағы кездесулер мен шараларға белсенді атсалысуда.

Жоба шеңберінде «BIR TOLQYNDA» диалог алаңы, өрт сөндіру және әскери бөлімдерге экскурсиялар, сондай-ақ патриоттық ойындар мен түрлі акциялар өткізілуде. Бұл бастамалар жастардың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, азаматтық жауапкершілік пен тәртіпке баулуды мақсат етеді.

Айта кетейік, «QAISAR» әскери-патриоттық ойындарын тұрақты түрде өткізу бастамасы 2022 жылы «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXII Съезінде көтерілген болатын. Бұл ұсыныс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан қолдау тауып, жоба еліміз бойынша жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Төрт жыл ішінде аталған бастамаға 7 мыңға жуық оқушы қатысқан. Сонымен қатар, үш жылдан бері «Сарбаз болғым келеді» акциясы да өткізіліп, оған 600 мыңнан астам мектеп оқушысы қамтылған.

Астана қаласында Қорғаныс министрлігінің «68665» әскери бөлімінде 100-ден астам жас өреннің қатысуымен арнайы әскери-патриоттық экскурсия ұйымдастырылды. Шара барысында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек «QAISAR» жобасының тек танымдық емес, рухты шыңдайтын, тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелейтін маңызды бастама екенін атап өтті.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен Тәртіп» қағидатының маңыздылығына тоқталып, жастардың құқықтық сауаттылығы мен заңға құрметін арттыру – қауіпсіз қоғамның негізі екенін жеткізді.

«Заң мен тәртіп – тұрақты дамудың және жарқын болашақтың кепілі. Жастар кез келген құқық бұзушылыққа қарсы тұруы тиіс», – деді ол.

Іс-шара барысында қатысушылар арнайы жасақтың жекпе-жек өнерін тамашалап, «Геотактика» таныстырылымымен танысты. Сонымен қатар «BIR TOLQYNDA» диалог алаңында әскери сарапшылармен ашық әңгіме өтіп, жастар Отанға қызмет ету, патриотизм және азаматтық парыз туралы маңызды сұрақтарына жауап алды.

Шараға қатысқан колледж студенті Мұхаммед Шакарбеков әскери өмір туралы әсерімен бөлісті:

«Бұған дейін әскер туралы тек фильмдерден білетін едім. Бүгін сарбаздардың өмірін көріп, әскери қызметке деген қызығушылығым артты. Болашақта елге қызмет етемін деп ойлаймын», – деді ол.

«QAISAR» әскери-патриоттық жобасы – жас ұрпақты отансүйгіштікке, тәртіпке және жауапкершілікке баулитын маңызды бастама. Жоба алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, жастар тәрбиесіне серпін бермек.