Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасы XIV Леоны Понтифик болғанына бір жыл толуымен құттықтап, арнайы жеделхат жолдады.
Мемлекет басшысы өз хатында Рим Папасының бейбітшілік пен келісім идеяларын ілгерілетуге бағытталған қызметіне жоғары баға берді. Президенттің айтуынша, Понтификтің диалогты дамыту, адами қадір-қасиетті құрметтеу және түрлі халықтар мен конфессиялар арасындағы өзара түсіністікті нығайту жөніндегі ұстанымы қазіргі әлем үшін айрықша маңызға ие.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Киелі Тақ арасында қалыптасқан ұзақ жылғы достық пен өзара сенімге негізделген қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын атап өтті. Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастықтың тұрақты түрде дамып келе жатқанын айтып, алдағы уақытта да осы байланыстарды одан әрі тереңдетуге Қазақстан тарапы мүдделі екенін жеткізді.
Президент дінаралық және конфессияаралық диалогты нығайту Қазақстанның мемлекеттік саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Еліміз түрлі діндер мен мәдениеттер өкілдерінің бейбіт өмір сүруіне жағдай жасап, халықаралық деңгейде келісім мен өзара құрмет құндылықтарын ілгерілетуге ерекше мән береді.
Жеделхатта Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасы XIV Леоны Астана қаласына сапармен келуге шақыратынын тағы да растады.
– Сіздің сапарыңыз серіктестігімізге жаңа мазмұн дарытып, аймақтағы елеулі уақиғаға айналатынына сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы алдағы сапар Қазақстан мен Киелі Тақ арасындағы достық қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, рухани және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға тың серпін беретініне сенім білдірді.
Құттықтау соңында Президент Рим Папасы XIV Леоға ізгі мұраттарын жүзеге асыру жолында зор денсаулық, қажымас қайрат және жауапты қызметіне табыс тіледі.