Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы қоғамдық көлікке, соның ішінде LRT жүйесіне мониторинг жүргізіп, жұмысын реттейтін Бірыңғай диспетчерлік орталықтың қызметімен танысты

Астана қаласында жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесін енгізу мегаполистің көлік инфрақұрылымын дамытудағы стратегиялық маңызы зор жобалардың бірі болып табылады. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жоба аясында арнайы диспетчерлік қызмет толық жасақталып, жүйенің қауіпсіз әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

LRT жүйесі қаладағы көлік жүктемесін азайтып, тұрғындардың қатынау уақытын қысқартуға және экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Заманауи технологияларға негізделген бұл жоба толық автоматтандырылған басқару жүйесі арқылы жұмыс істейді.

Арнайы диспетчерлік орталық пойыздардың қозғалысын бақылап, кестенің сақталуын, техникалық жағдайды және жолаушылар қауіпсіздігін қадағалайды. Бұл бағытта 21 маман тәулік бойы қызмет атқарады.

LRT құрамдары жоғары сыйымдылыққа ие және бір мезетте 600-ден астам жолаушыны тасымалдауға қабілетті. Жалпы ұзындығы 22,4 шақырым болатын желі 18 станциядан тұрады. Құрамдар 5–6 минут аралығында қатынайды, ал толық маршрут шамамен 40 минутта өтеді.

Жүйенің басты ерекшелігі – жүргізушісіз, толық автоматтандырылған басқару технологиясы. Барлық қозғалыс процестері орталықтандырылған жүйе арқылы бақыланып, қауіпсіздік деңгейі бірнеше сатылы қорғаныс механизмдерімен қамтамасыз етіледі. Қажет болған жағдайда резервтік басқару режимі іске қосылады.

LRT жобасы Астана қаласының қоғамдық көлік жүйесін жаңа деңгейге көтеріп, жол кептелістерін азайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар электр қуатымен жұмыс істейтін бұл көлік түрі экологиялық тұрғыдан тиімді болып табылады.

Жалпы алғанда, LRT жүйесін енгізу Астананың заманауи, қауіпсіз және тұрақты көлік инфрақұрылымын қалыптастырудағы маңызды қадамы болып саналады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *