Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Қытай» форматындағы салалық ведомстволардың екінші кездесуіне қатысу үшін Астанаға келген делегация басшыларын қабылдады. Кездесуге Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрі Ван Сяохун, сондай-ақ Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан республикаларының ішкі істер министрлері қатысты.
Кездесу барысында өңірлік қауіпсіздікті нығайту, трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл, есірткінің заңсыз айналымы, киберқауіпсіздік және экстремизмге қарсы күрес мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы аталған сын-қатерлерге қарсы тұру үшін өңір елдерінің үйлесімді және кешенді әрекеті маңызды екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, қазіргі таңда трансұлттық қылмыс пен киберқылмыс жаһандық деңгейдегі күрделі қауіпке айналған. Сондықтан құқық қорғау органдары арасындағы ақпарат алмасу мен институционалдық ынтымақтастықты күшейту қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекет саясатының негізгі бағыты екенін айтып, қылмыстық топтардың қаржылық және цифрлық арналарына тосқауыл қоюдың маңыздылығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар киберкеңістіктегі қауіп-қатерлерге қарсы проактивті әрекет ету қажеттігіне назар аударды.
Мемлекет басшысы өңірлік экономикалық жобалар мен транзиттік дәліздердің дамуы қауіпсіздік мәселелерімен тығыз байланысты екенін жеткізді. Бұл тұрғыда Транскаспий халықаралық көлік бағытының стратегиялық маңызы артып отырғанын атап өтті.
Кездесу қорытындысында тараптар құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, заманауи технологияларды енгізуге және жедел ақпарат алмасуды күшейтуге дайын екендерін растады. Президент бұл формат өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды алаңға айналатынына сенім білдірді.