Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси дүрбелеңдер жағдайында өтіп жатқан халықаралық форумның өзектілігіне тоқталып, әлемдік экономикалық және технологиялық өзгерістер Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріне жаңа стратегиялық міндеттер жүктеп отырғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы жаһандық тұрақсыздық кезеңінде мемлекеттердің үйлесімді іс-қимылы экономикалық тұрақтылық пен бәсекеге қабілеттілікті сақтаудың негізгі факторы екенін айтты. Оның пікірінше, өндірістік және сауда байланыстарын тұрақтандыру ЕАЭО елдерінің басты басымдығы болып қала береді.
Президент қазіргі әлемдік экономиканың трансформация кезеңінде екенін, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің жаңа экономикалық модель қалыптастырып жатқанын жеткізді. Бұл үдеріс жаһандық нарықтағы «ойын ережелерін» түбегейлі өзгертіп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің әлемдік экономиканың негізгі драйверіне айналып отырғанын атап өтті. Сарапшылардың бағалауынша, бұл технологиялар алдағы он жылда жаһандық ІЖӨ-ге триллиондаған доллар қосымша үлес қоса алады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы еңбек нарығындағы құрылымдық өзгерістерге назар аударып, жаңа технологиялар салдарынан қайта даярлау мен жаңа дағдыларды игеру қажеттілігі туындайтынын айтты. Осыған байланысты білім беру жүйесін жаңғырту стратегиялық маңызға ие.
Президент цифрлық технологияларды тиімді пайдалану экономикалық өсімді арттырып қана қоймай, мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтетінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ЕАЭО аясында жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған бастамаларын қолдайтынын жеткізді. Бұл ұсыныстар Одақтың цифрлық интеграциясын тереңдетуге және экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Жалпы, Президенттің пікірінше, қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайында ЕАЭО елдерінің үйлесімді әрекеті олардың тұрақты дамуы мен халықаралық бәсекедегі орнын айқындайтын негізгі фактор болып табылады.