Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде Alatau City жобасының табысты жүзеге асуы тиімді құқықтық жүйе мен сапалы басқару тетіктеріне тікелей байланысты екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы жаңа қаланы дамыту мақсатында қабылданған Конституциялық заң маңызды құқықтық негіз қалыптастырғанын айтқанымен, арнаулы құқықтық режимнің өзі автоматты түрде табысқа жеткізбейтінін ескертті. Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде және бірқатар елдерде арнайы экономикалық аймақтардың күткен нәтижеге қол жеткізе алмаған мысалдары бар.
Президент мұндай жағдайлардың негізгі себебі ретінде сапалы институттардың, тұрақты құқықтық ортаның және тиімді реттеу тетіктерінің болмауын атады. Сондықтан Алатау жобасын жүзеге асыру барысында өткен тәжірибеден сабақ алып, барлық процесті жүйелі түрде ұйымдастыру қажет екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, арнаулы құқықтық режим толыққанды жұмыс істеуі үшін ашық, түсінікті әрі сапалы заңнамалық база қалыптастырылуы керек. Бұл жүйе қаланың экономикалық белсенділігі мен күнделікті қызметіне қатысты барлық мәселелерді тиімді реттеуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы аталған жұмыстың екі негізгі деңгейде жүзеге асырылуы қажет екенін атап өтті. Біріншісі – конституциялық деңгейдегі негізгі қағидаттарды бекіту болса, екіншісі – экономикалық қызметтің барлық бағыты бойынша нақты құқықтық тетіктерді айқындайтын заңнамалық реттеу жүйесі.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Alatau City жобасына қатысты заңнамалық құжаттарды әзірлеу барысында халықаралық тәжірибесі мол шетелдік сарапшыларды тартудың маңыздылығына тоқталды. Оның пікірінше, әлемдегі табысты арнайы құқықтық аймақтардың тәжірибесін пайдалану жобаның тиімділігін арттыра түседі.
– Алатау жобасына қатысты заңнамалық жұмыс жылдам әрі сапалы жүргізілуге тиіс. Бұл – аса маңызды стратегиялық міндет. Халықаралық инвесторлар қолайлы жағдайды жылдар бойы күтіп отырмайды. Олар мүмкіндігі жоғары нарықтарға жедел шешім қабылдап барады, – деді Мемлекет басшысы.