Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Alatau City жобасының ел экономикасы үшін стратегиялық маңызын атап өтті.

Президенттің айтуынша, облыстың даму қарқыны жалпы алғанда оң көрсеткіштерге ие. Өткен жылы өңірлік жалпы өнім көлемі 6,7 триллион теңгеге жетіп, 5,4 пайызға артқан. Ал ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларындағы қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш бойынша Алматы облысы республика көлемінде бесінші орынға тұрақтаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге инвестиция тарту жұмыстарының белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жыл басынан бері облыс экономикасына 266,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция құйылған. Сонымен қатар өнеркәсіп өндірісінің көлемі шамамен 900 миллиард теңгеге жеткен.

Алайда Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанына назар аударды. Оның айтуынша, өңірдің аграрлық мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болғанымен, қазіргі көрсеткіштер бұл әлеуеттің толық іске қосылмағанын көрсетеді. Биылғы алғашқы төрт айдың қорытындысы бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығының нақты көлем индексі 101,2 пайызды құраған.

Президент өңірдегі негізгі мәселелердің бірі ретінде Қонаев қаласының инфрақұрылымдық дамуын атады. Мемлекет басшысы қаладағы құрылыс жұмыстарының қарқынына сын айтып, әлеуметтік және әкімшілік нысандарды жедел салу қажеттігін жеткізді.

– Қонаев қаласындағы инфрақұрылым құрылысы өте баяу жүргізіліп жатыр. «Баяғы жартас – сол жартас», қаланың келбеті өзгеріссіз күйде. Бұл қалада шұғыл түрде театр, стадион, әкімшілік ғимараттары мен мектептер салу керек. Онсыз Алматы облысы өз аяғына тұрып кете алмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы облыс басшылығына осы мәселелерге ерекше назар аударып, қаланың заманауи келбетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.