Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапары аясында Алатау қаласын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізіп, аталған жобаның еліміз үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Алатау қаласын салу туралы шешім осыдан екі жыл бұрын қабылданғанын еске салып, жаңа шаһардың Қазақстанның экономикалық және инновациялық дамуындағы маңызды орталықтардың біріне айналуы тиіс екенін айтты.

Президенттің айтуынша, Алатау қаласы инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту және инновациялық технологияларды енгізу үшін қолайлы алаң болмақ. Сонымен қатар бұл жоба азаматтарға, әсіресе жас буынға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, олардың өмір сүруі мен еңбек етуіне заманауи жағдай жасауға бағытталған.

– Баршаңызға мәлім, мен осыдан екі жыл бұрын болашақ қаласы – Алатау шаһарын салу туралы шешім қабылдадым. Бұл жобаның тұтас еліміз үшін стратегиялық маңызы зор. Біз осы қалаға инвестиция тартып, оны бизнестің және инновацияның жаңа орталығы ретінде дамытатын болдық. Осы жерде өмір сүру, жұмыс істеу азаматтарымызға, әсіресе өскелең ұрпаққа мол мүмкіндік бермек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Алатау қаласының құрылысы мен дамуының негізгі қағидаттары еліміздің жаңа Конституциясында көрініс тапқанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң қабылданып, қаланың болашақ дамуына қажетті құқықтық негіз қалыптастырылғанын айтты.

Президент кеңес барысында осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы кезеңге арналған міндеттерді нақтылау қажеттігіне тоқталды. Оның пікірінше, жедел шешімді талап ететін мәселелермен қатар ұзақ мерзімді даму басымдықтарын да айқындау маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Алатау қаласының сапалы әрі тұрақты дамуына мүмкіндік беретін құқықтық және институционалдық негіз толық қалыптасқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қалада инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалып, бизнес жүргізуге қажетті тетіктер оңтайландырылған.