Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы облысына барып, Алатау қаласының даму жоспарымен танысты. Сапар аясында Мемлекет басшысы қаланы дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізіп, өңірдегі бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралайды.
Президенттің жұмыс сапары Алатау қаласының қазіргі даму қарқыны мен болашақтағы стратегиялық жоспарларын таныстырудан басталды. Жауапты тұлғалардың мәліметінше, қазіргі таңда қаланың жалпы аумағы 88 мың гектарды құрайды. Алатау қаласы 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен дамытылатын төрт арнаулы аумаққа бөлінген. Сонымен қатар қаланың негізгі экономикалық даму бағыттары мен табыс көздері нақтыланып, инфрақұрылымды жетілдіруге арналған кешенді жұмыстар қолға алынған.
Мемлекет басшысына магистралды инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жол картасының жүзеге асырылу барысы таныстырылды. Сондай-ақ қалада басқарудың заманауи әрі тиімді моделін қалыптастыруға бағытталған Конституциялық заңның қабылданғаны жөнінде ақпарат берілді.
Атап айтқанда, «Маревен Фуд», «КНАУФ», Fruit Art, Dolce Pharm және Алматы желдеткіш зауыты секілді ірі кәсіпорындар өңірдің индустриялық әлеуетін арттырып келеді. Бұл өндіріс орындары жаңа жұмыс орындарын құруға, жергілікті экономиканы дамытуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге ықпал етуде.
Президентке ұсынылған мәліметке сәйкес, қазіргі уақытта Алатау қаласында жалпы құны 2 триллион теңгеден асатын 53 инвестициялық жобадан тұратын ауқымды инвестициялық пул қалыптастырылған. Бұл жобалар өндіріс, логистика, агроөнеркәсіп және фармацевтика салаларын қамтиды.
Олардың қатарында әлемге танымал PepsiCo компаниясының Орталық Азиядағы ең ірі картоп өңдеу зауытының құрылысы ерекше орын алады. Сонымен қатар Mars Petcare компаниясы өңірдегі үй жануарларына арналған азық өндіретін алғашқы заманауи өндіріс орнын іске асыруда. Ал KHAN TENGRI BIOPHARMA компаниясы дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар шығару бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.